Жиын барысында компанияның Директорлар кеңесінің төрағасы Шухрад Шардинов ұсынылып отырған конституциялық өзгерістердің елдегі индустриялық даму үдерісіне серпін беріп, құқықтық жүйені одан әрі нығайтуға ықпал ететінін атап өтті. Оның айтуынша, тұрақты әрі нақты құқықтық негіз – өндіріс саласының сенімді дамуының басты кепілі.
Кәсіпорынның жас мамандары да өз пікірлерін білдірді. Арматура және қалыптау цехтарының бастығы Мадияр Әбілқайып Конституция жобасында еңбек адамын қолдауға бағытталған нормалар қарастырылғанын айтты. Оның сөзінше, ұсынылып отырған өзгерістер қызметкерлердің әлеуметтік қорғалу деңгейін арттырып, өндіріс ұжымдарына жаңа мүмкіндіктер ашады.
Техникалық бақылау бөлімінің басшысы Максим Долингер де құқықтық тұрақтылықтың маңызына тоқталып, өндірістік жоспарларды тиімді жүзеге асыру үшін заңнамалық айқындық аса қажет екенін жеткізді.
Кездесу қорытындысында еңбек ұжымы жаңа Негізгі заң жобасын қолдайтындарын және референдумға белсенді қатысуға ниетті екендерін білдірді.
Айта кетейік, Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес, Қазақстанда жаңа Конституцияны қабылдау жөніндегі республикалық референдум 15 наурыз күні өтеді.