Telegram-да «жеке куәлік» жасайтын жалған Kaspi қосымшасы тарады
Алаяқтар жалған қосымша арқылы кез келген дерекпен «жеке куәлік» көрсетіп, азаматтарды алдауы мүмкін.
Әлеуметтік желіде Kaspi интерфейсін толық көшірген жалған қосымша көрсетілген видео тарады. Қосымша арқылы телефон экранында кез келген фото, ЖСН және дерекпен «жеке куәлік» көрсетуге болады.
Мәліметке сәйкес, мұндай бағдарламалар Telegram арқылы сатылып жатыр. Сарапшылар мұндай құралдар пәтер жалға беру, көлік сату сияқты мәмілелерде жеке тұлғаны растау үшін қолданылып, алаяқтыққа жол ашуы мүмкін екенін ескертеді.
Қазақстан Ішкі істер министрлігі бұл факті бойынша тексеріс басталғанын хабарлады.
Ведомство мәліметінше, мұндай бағдарламаларды қолдану және тарату Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша жауапкершілікке әкелуі мүмкін: жалған құжат жасау, алаяқтық, ақпаратқа заңсыз қол жеткізу және жеке өмірге қолсұғушылық.
Сондай-ақ министрлік жеке куәліктің түпнұсқалығын ресми мемлекеттік сервистер арқылы QR-код көмегімен тексеруге болатынын еске салды.
Ал Kaspi.kz мамандары жеке басын тексергенде адамнан қосымшаны сіздің көзіңізше ашуын сұрап, деректердің дәл сол уақытта уақытта жүктелетініне назар аударуға кеңес береді.
Сарапшылар мұндай жалған құралдардың таралуы алаяқтық қаупін күшейтетінін айтып, азаматтарды кез келген қаржылық немесе мүліктік мәміле кезінде барынша сақ болуға шақырды.