Қазақстан күріші алғаш рет Транскаспий бағытымен Еуропаға жеткізілді
Жүк Транскаспий бағытымен 30 күнде жеткізілді, жаңа маршрут шығынды азайтады.
KTZ Express Транскаспий халықаралық көлік бағыты (ТМТМ) арқылы қазақстандық жарма күріштің пилоттық жеткізілімін жүзеге асырды. Тасымалдау теміржол және теңіз учаскелерін қамтыды.
Жүк Қызылордадан Ақтау портына жөнелтіліп, одан әрі Поти порты арқылы Антверпен портына жеткізілді. Грузия мен Бельгия арасындағы теңіз тасымалын CMA CGM Group қамтамасыз етті.
Бұған дейін мұндай жеткізілімдер құрлықпен жүзеге асырылып, қымбатқа түсетін. «Қазақстан темір жолы» мәліметінше, ТМТМ арқылы тасымалдау әлдеқайда арзан. Транзиттің шамамен уақыты — 30 тәулік.