Жаркентте ұлын батареяға байлап сабаған әйел мәжбүрлі емдеуге жіберілді
Қаңтар соңында әлеуметтік желіні дүр сілкіндірген оқиға бойынша сот шешімі шықты. Жетісу облысында төрт жасар ұлын соққыға жыққан әйел қылмыстық жауапкершіліктен босатылып, мәжбүрлі психиатриялық емдеуге жіберілді.
Жаркент қаласында орналасқан Панфилов аудандық соты 2026 жылғы 18 қаңтарда болған іс бойынша үкім шығарды. Әйел ҚР ҚК-нің 110-бабы 2-бөлігі — «кәмелетке толмағанды азаптау» бойынша айыпталған.
Сот материалдарына сәйкес, кішкентай бала жуынатын бөлмеде кранды жауып кетпей, су бөлмені басып қалған. Мұны көрген анасы баланы батареяға байлап, денесінің әр жерінен ұрған.
Оқиғаны отбасының танысы видеоға түсіріп, кейін мессенджерлерге таратып жіберген. Әкесі үйге келген соң баланы ауруханаға жеткізген. Дәрігерлер маңдай-самай тұсында және арқасында соққы іздері мен теріасты гематомаларын анықтаған.
Сотта куәгерлердің айғақтары, бейнежазба және сараптама қорытындылары қаралды. Мамандар әйелде туа біткен психикалық дерт — мінез-құлық бұзылыстарымен қатар жүретін жеңіл ақыл-ой кемістігі бар екенін анықтаған.
Сарапшылардың қорытындысына сай, оқиға кезінде ол өз әрекетінің мәнін түсінбеген және сот процесіне қатысуға қабілетсіз, өзіне де, айналасына да қауіпті.
Сот әйелді қылмыстық жауапкершіліктен босатып, жалпы үлгідегі психиатриялық стационарда мәжбүрлі ем қабылдауға жіберді. Балалар, соның ішінде зардап шеккен ұл, арнайы балалар үйіне орналастырылған. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.