Тоқаев Жапаровқа конституциялық реформаны таныстырды
Қазақстан мен Қырғызстан президенттері телефон арқылы сөйлесіп, екі елдегі саяси өзгерістер мен мемлекеттік реформаларды талқылады.
Қасым-Жомарт Тоқаев телефон арқылы Садыр Жапаровпен сөйлесті. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
Әңгіме барысында Қазақстан президенті елде жүргізіліп жатқан конституциялық реформаның мәнін түсіндіріп, оның мемлекет дамуының берік негізін қалайтынын атап өткен. Өз кезегінде Қырғызстан басшысы Қазақстандағы ауқымды өзгерістерге қолдау білдірген.
Ресми мәліметке сәйкес, Тоқаев Жапаровтың қоғам бірлігін сақтауға және қырғыз мемлекеттілігін нығайтуға бағытталған шешімдерін де қолдаған.
Қазақстандағы жаңа Конституция жобасы қоғамда қызу пікірталас туғызды. Бірқатар журналистер ұсынылған нормалар сөз бостандығына қауіп төндіруі мүмкін екенін айтып, комиссия мүшелерінен бұл бағытта шектеу қоймауды сұраған.
Ал Қырғызстанда соңғы күндері жоғары лауазымды тұлғалардың қызметтен кетуі жиілеп, сарапшылар мұны алдағы саяси науқанға дайындық әрі элита ішіндегі ықпал қайта бөлінуінің белгісі деп бағалауда. Ең резонансты оқиға — ҰҚК басшысы қызметінен босатылған Камчыбек Ташиевке қатысты шешім болды.