Жаңалықтар

Бурабайда квадроцикл апатынан кейін қыз комаға түсті

Бурабайдағы курорттық ауылда демалып жүрген бойжеткен квадроциклмен серуендеу кезінде ағашқа соғылып, ауыр халде ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер оның жағдайын аса ауыр әрі критикалық деп бағалап отыр.

Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, науқас өте ауыр жарақаттар алған. Атап айтқанда, бассүйек сүйектерінің, бассүйек негізінің және бет сүйектерінің ауқымды сынуы, ашық бас-ми жарақаты және ауыр дәрежедегі травматикалық шок тіркелген.

Қазір зардап шеккен қыз реанимация бөлімінде жатыр. Ол терең кома жағдайында және жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Дәрігерлер консилиум өткізіп, науқастың жағдайы тым ауыр болғандықтан, әзірге ота жасау қауіпті деген шешімге келген.

Полиция мәліметінше, қыз квадроциклде жолаушы болған. Жүргізуші де жарақат алғанымен, ауруханаға жатқызуды қажет етпеген. Қазір аталған оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

Айта кетейік, 2025 жылдың тамызында да демалыс кезінде қайықтың күрт бұрылуынан қыздар суға құлап кеткен болатын. Ол оқиға да адам өміріне қауіп төндірген.