Жаңалықтар

288 мың теңгелік шапан: шенеуніктер 2,3 млн теңгенің сыйлығын мемлекетке тапсырды

Өткен жылы мемлекеттік қызметшілер мемлекет меншігіне жалпы құны 2,3 млн теңге болатын 154 сыйлықты тапсырды. Бұл туралы ҚР Қаржы министрлігіне қарасты Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті хабарлады.

Ведомство мәліметінше, заңға сәйкес мемлекеттік қызметшілерге берілген сыйлықтар 7 күн ішінде мемлекетке өткізілуі тиіс. Кейін олар аукцион арқылы сатылады.

Тапсырылған сыйлықтардың қатарында кеңсе тауарлары, кітаптар, түрлі сувенирлер және сертификаттар бар. Ең қымбат лот — Khan брендіне тиесілі ерлерге арналған тымақты шапан. Оның бағасы 288 мың теңгеге бағаланған.

Қазіргі уақытта 48 сыйлық аукционда сатылып, мемлекетке 511,3 мың теңге кіріс түскен.