Алматыда экологиялық бақылау күшейеді: жаңа компания іске кірісті
Алматыда экологиялық заңбұзушылықтарды анықтайтын жаңа құрылым пайда болды. Енді бұл міндетті толықтай мемлекетке тиесілі «Eco Almaty» компаниясы атқарады.
Eco Almaty қалалық экология департаментімен, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау қызметімен және полициямен бірлесіп жұмыс істейді. Бұл туралы Алматы қаласының Экология және қоршаған орта басқармасы мәлімдеді.
Бақылау көлік құралдарына да, тұрақты шығарындылар көздеріне де жүргізіледі. Мамандар жеке және қоғамдық көліктерді, коммерциялық транспортты, өндіріс орындарын, қоқыс полигондарын, стихиялық өрттерді, тіпті пиротехниканы пайдалануды да назарда ұстамақ.
Мониторинг үшін 19 стационарлық және 4 жылжымалы экобекет жұмыс істейді. Сонымен қатар спектрометрлер мен дрондар қолдану жоспарланған. Қала әкімдігі бұл шаралар ауа ластануын жедел анықтап, тез әрекет етуге мүмкіндік береді деп отыр.