Жаңалықтар

Тағы да Талғар: ата-анасы іздеген ұл жасырын түрде аты-жөнсіз жерленген

Талғардағы қайғылы оқиға қоғамды дүр сілкіндірді: ата-анасы жоғалған ұлын іздеп жүргенде, оның аты-жөнсіз қабірге жерленіп қойғаны анықталған.

Қаза болған 27 жастағы Ғалимжон Каримов — Түркістан облысы Келес ауданының тумасы. Ол Алматықаласында әкесімен бірге тұрып, жұмыс істеген, бос уақытында такси айдаған.

Отбасының айтуынша, оқиға өткен жылдың 24 желтоқсанында басталған. Ғалимжон танысу сайтында қызбен кездесуге барып, кейін аккаунттың артында 14 жастағы жасөспірім тұрғанын білген. Келесі күні ауысып кеткен телефонын қайтарып алу үшін қайта барған кезде оны Талғар полициясы ұстаған.

Марқұмның анасы Гүлнар Момынованың сөзінше, ұлы қалдырған хатында полиция бөлімінде азапталғанын жазған: басына пакет кигізіп, соққыға жыққан, бейнекамералар өшірулі болған. Кейін босатылған.

Келесі күні таңертең ол жалдамалы пәтерінен шығып кетіп, қайта оралмаған. Әкесі екі күннен кейін ұлын іздей бастағанда, телефоннан қоштасу хатын тауып, туыстарына хабарлаған.

Отбасы барлық мекемені аралап жүргенде, басқа аудан полициясы оның денесін қала сыртынан тауып, туыстары жоқ адам ретінде жерлеп қойғаны белгілі болған. Ата-анасы бұл туралы тек 40 күннен кейін білген.

Қазір іс Қылмыстық кодекстің «Азаптау» бабы бойынша тергеліп жатыр. Марқұмның туыстары істі «өзін-өзі өлтіруге жеткізу» бабына ауыстырып, ашық әрі әділ тергеу жүргізуді талап етуде.

Тергеу жалғасып жатыр. Құзырлы органдар полиция қызметкерлерінің әрекетіне қатысты шағымдарды да тексеріп жатқанын мәлімдеді.