«Екілік алған оқушы сияқты»: депутат Жанбыршин Қытай инвесторын оңдырмай сынады
Мәжіліс комитетінің отырысында депутат Еділ Жанбыршин «Матен Петролеум» компаниясының бас директорын дайындықсыз келгені үшін ашық сынға алды.
Мәжілістің экология және табиғатты пайдалану мәселелері жөніндегі комитет отырысында депутат Еділ Жанбыршин «Матен Петролеум» АҚ бас директоры Лю Цзиньчэнге қатаң ескерту жасады. Жиында саладағы сатып алуларда қазақстандық үлесті арттыру мәселесі қаралды.
Депутат компанияның отандық өндірушілермен ұзақмерзімді келісімшарттары бар-жоғын сұрады. Бас директордың орынбасары жауап бермек болғанда, Жанбыршин сұраққа тікелей басшының өзі жауап беруі тиіс екенін айтты.
Қысқа жауап пен көмекшінің сыбырлап айтуынан кейін депутат бас директордың дайындықсыз келгенін атап өтті.
— Сіз дайын емессіз бе? Біз бұл сұрақтарды алдын ала жолдағанбыз, — деді ол.
Сөз соңында депутат компания басшысын қатты сынға алып, оның ұзақмерзімді келісімшарттар туралы нақты білуі тиіс екенін жеткізді. Оның айтуынша, компанияның небәрі алты ірі серіктесі бар, сондықтан басшы негізгі келісімдердің мазмұнын толық меңгеруі керек.