Жаңалықтар

Алматыда сәби 31 магнит жұтып қойған. Оның жағдайы қалай?

Алматыда дәрігерлер ішегіне 31 магнит түсіп кеткен бір жарым жастағы сәбиге шұғыл ота жасап, өмірін сақтап қалды.

Алматыда небәрі 1 жас 9 айлық бала 31 магнит жұтып қойған. Ауруханаға жеткізілген кезде магниттердің ішекке өтіп кетіп, көптеген жарақат пен тесіктер тудырғаны анықталған. Дәрігерлер шұғыл араласуды қажет ететін күрделі жағдаймен бетпе-бет келді.

Мамандар жедел ота жасап, барлық бөгде заттарды алып шықты. Сонымен қатар ішектегі зақымдалған тұстарды тігіп, қабынудың таралуын және асқынудың алдын алу үшін құрсақ қуысын тазартты.

Дәрігерлер магниттердің балалар үшін аса қауіпті екенін ескертеді. Ағза ішінде олар бір-біріне тартылып, тіндерді қысып, перитонитке әкелуі мүмкін. Мамандар ата-аналарды магнитті ойыншықтар мен ұсақ бөлшектерді балалардың қолы жетпейтін жерде сақтауға шақырды.