Жаңалықтар

Қазақстанда ұшақ бортында интернет пайда болады

Жақын уақытта қазақстандық әуе компанияларының жолаушылары рейс кезінде интернет қолдана алады.

Бұл туралы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мадиев мәлімдеді. Оның айтуынша, цифрландыру жылы аясында жаңа құқықтық база қалыптастырылып, цифрлық кодекс пен киберқауіпсіздік туралы заң қабылданды.

Биыл тағы 1900 ауыл талшықты-оптикалық интернетке қосылады, ал келесі жылы мұндай ауылдардың үлесі 90 пайыздан асады. Сонымен қатар барлық республикалық автожолдар байланыс инфрақұрылымымен қамтылады, интернет теміржол жолаушылар бағыттарында да қолжетімді болады.

Министрдің сөзінше, алғаш рет қазақстандық әуе тасымалдаушылардың ұшақтарында интернет іске қосылады. Сондай-ақ Қазақстанда орнатылған Starlink станциялары арқылы спутниктік интернет көрші елдерге де таратылады. Ал Транскаспий талшықты-оптикалық желісі өңірлік цифрлық хаб құруға мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда Павлодар облысында ірі деректер орталығын салу жобасы жүзеге асырылып жатыр. Бұл орталықтың қуаты мемлекеттік суперкомпьютер орналасатын жаңа деректер орталығынан он есе жоғары болмақ.

Билік алдағы үш жылда Қазақстанды толық цифрлық мемлекетке айналдыруды көздеп отыр. Жоба азаматтар мен бизнеске нақты пайда әкеліп, мемлекеттік шешімдердің жылдамдығы мен сапасын арттыруға бағытталған.