Республикалық жастар ұйымдары Конституцияның жаңа жобасын қолдайтынын білдірді
Астанада республикалық жастар ұйымдарының қатысуымен Конституциялық реформаларды талқылауға арналған дөңгелек үстел өтті. Жиын барысында жастар өкілдері елдегі саяси жаңғыруға бағытталған бастамаларды қолдайтынын мәлімдеді.
Іс-шараның басты мақсаты – Конституцияға енгізілетін өзгерістердің мәні мен маңызын жастар арасында кеңінен түсіндіру, азаматтық қоғамды дамытудағы жастар ұйымдарының рөлін айқындау және реформаларды қолдауға бағытталған ортақ ұстаным қалыптастыру болды.
Талқылауға Қазақстан Жастар Конгресі, Қазақстан студенттер альянсы, «Ассамблея жастары» республикалық жастар ұйымы, «Қазақстанның медициналық жастары» қоғамдық қоры, сондай-ақ «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының республикалық штабының өкілдері қатысты.
Кездесу қорытындысында қатысушылар ұсынылып отырған конституциялық реформалардың елдің саяси жүйесін жаңғыртудағы маңызын атап өтіп, жастардың қоғамдық-саяси өмірге белсенді қатысуына жаңа мүмкіндіктер ашатынын жеткізді. Сонымен қатар жастар ұйымдары реформаларды қолдау және оларды қоғамда кеңінен насихаттауға дайын екенін білдірді.