Жаңалықтар

Петропавл мектебіне тапанша алып келген жоғары сынып оқушысы жазалана ма?

5 ақпанда жұртты дүр сілкіндірген оқиға болды: оқушы сабаққа тапанша алып келген. Бұл туралы ақпарат әлеуметтік желілерде тарады.

Солтүстік Қазақстан облыстық полиция департаменті қарудың атыс қаруы емес, пневматикалық екенін мәлімдеді. Мектептегі бұл жағдайдан зардап шеккендер жоқ. Соған қарамастан, дүрбелең туғызған оқушы да, оның ата-анасы да жауапкершілікке тартылады.

«Тексеру қорытындысы бойынша кәмелетке толмаған жасөспірім ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның заңды өкілі бала тәрбиесі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндетін тиісінше орындамағаны үшін жауапқа алынды. Сондай-ақ білім беру органдарына мұндай жағдайға жол берген себептерді жою жөнінде ұсыныс жолданды», — деп хабарлады полиция департаменті.

Тексеру толық аяқталғаннан кейін мектеп басшылығы мен осы оқу орнындағы қауіпсіздікке жауапты күзет қызметі қызметкерлеріне қатысты қандай шара қолданылатыны белгілі болады.