Жаңалықтар

Астанадағы LRT қай көшелермен жүреді?

Астанада салынып жатқан жеңіл рельсті көлік жүйесі қазір сынақтан өтіп жатыр. Қалалық әкімдіктің мәліметінше, жоба биыл толық аяқталып, халық игілігіне беріледі деп жоспарланған.

LRT желісінің жалпы ұзындығы 22,4 шақырымды құрайды. Жоба аясында 18 станция салынған. Бағыт қаладағы негізгі көшелер мен ірі аудандарды байланыстырады. Бұл қоғамдық көліктің қолжетімділігін арттыруға бағытталған.

Маршрут халықаралық әуежайдан басталады. Одан әрі пойыз Қабанбай батыр даңғылы арқылы өтіп, «Астана жұлдызы» айналма жолына шығады. Желі Назарбаев Университеті мен Ботаникалық бақ маңынан өтеді. Кейін Сығанақ көшесіне бұрылып, «Абу-Даби Плаза» кешені мен Министрліктер үйінің жанынан жүреді. Одан соң Арыс көпірі мен Қалдаяқов көшесін кесіп өтіп, Ұлттық музей аумағын қамтиды. Соңғы бекет «Нұрлы жол» вокзалы болады.

Сонымен қатар жоба тек осы кезеңмен шектелмейді. LRT құрылысының екінші кезеңіне арналған техникалық-экономикалық негіздеме мен жобалық-сметалық құжаттар дайындалмақ. Қазір Шыңғыс Айтматов көшесі бойында инженерлік-геологиялық зерттеулер жүргізіліп жатыр. Мамандар топырақтың құрамын және жердің беріктігін тексеруде.

Былтыр жыл соңында сынақ мерзімі 2 айда аяқталады деп жоспарланған еді. Қазіргі таңда бұл жұмыстар жалғасып жатыр.

Жалпы жеңіл рельсті көлік жүйесінің құрылысына 332,4 млрд теңге жұмсалған. Жоба іске қосылғаннан кейін қаладағы көлік қозғалысын жеңілдетіп, тұрғындардың жолға кететін уақытын қысқартуға мүмкіндік бермек.