Жаңа тәртіпке сай, мүгедектік тобына қарай жеке табыс салығы бойынша әлеуметтік шегерім бөлек есептелетін болды. Бұған дейін жұмыс істейтін мүгедектігі бар адам үшін шегерімнің ең жоғары шегі 882 АЕК болатын. Қазіргі өзгеріске сәйкес, бұл мөлшер үшінші топтағы азаматтар үшін сақталып қалды. Ал бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар қызметкерлер үшін шегерім көлемі 5000 АЕК-ке дейін артты.
Осының арқасында аталған азаматтардың жалақысынан ұсталып қалатын салық азаяды. Соның нәтижесінде қолына алатын таза табысы көбейеді. Сонымен бірге, егер мүгедектік тобы бір жыл ішінде өзгерсе, жеке табыс салығы сол күнтізбелік жылға бір ғана тәртіппен есептелетіні нақты көрсетілді.
Салық реформасы аясында жұмыс берушілер үшін де жаңа мүмкіндік пайда болды. Бұрын корпоративтік табыс салығы бойынша жеңілдіктер тек арнайы мамандандырылған ұйымдарға ғана берілетін. Енді бұл шектеу алынып тасталды.
2026 жылдан бастап, егер ұйымдағы мүгедектігі бар қызметкерлерге төленетін жалақы қоры жалпы еңбекақы қорының 51 пайызына тең болса, жұмыс беруші корпоративтік табыс салығы бойынша жеңілдікті пайдалана алады. Бұрынғы 35 пайыздық талап енді қолданылмайды.
Бұл өзгеріс ұйымның түріне қарамастан, мүгедектігі бар азаматтарды жұмысқа қабылдауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар мұндай қызметкерлерге арналған жеке табыс салығы бойынша жеңілдіктер бұрынғыдай толық сақталады.
Жалпы, жаңа нормалар мүгедектігі бар адамдардың еңбекке араласуына жағдай жасап, табысын арттыруға, ал жұмыс берушілерді әлеуметтік жауапкершілікке ынталандыруға бағытталған.