Жаңалықтар

Тұрсынғали Алагөзов Өзбекстан мен Пәкістанға инвестиция салмақ

Кәсіпкер Тұрсынғали Алагөзов Kursiv.Media-ға берген сұхбатында өз компанияларының алдағы жоспарлары туралы айтып, алкогольсіз сусындар өндірісін жаңа нарықтарға шығаруды көздеп отырғанын мәлімдеді. Оның сөзінше, холдинг Өзбекстан, Ауғанстан, Пәкістан және Таяу Шығыстағы бірқатар елдердің нарығына шығуды жоспарлап отыр.

Кәсіпкердің айтуынша, бұл бағыттағы жұмыстарды бастау үшін қомақты қаржы қажет. Әрбір жаңа елдің нарығына кіру үшін шамамен 50-70 млн доллар көлемінде инвестиция керек. Бұл қаражат сол елде өз зауытын салуға, өндірісті жобалауға, бөлшек саудаға арналған жабдықтарды сатып алуға, соның ішінде тоңазытқыштар орнатуға және сауда командаларын қалыптастыруға жұмсалмақ.

Мысалы, Өзбекстан мен Пәкістан нарығына шығу үшін де дәл осы көлемде қаржы қарастырылып отыр. Кәсіпкердің сөзінше, әр мемлекетте инфрақұрылым құру, логистика жолға қою және өнімді нарыққа енгізу үлкен дайындықты талап етеді.

Тұрсынғали Алагөзов берген сұхбатында бұл салада 25 жылға жуық тәжірибесі бар екенін де атап өтті. Осы уақыт ішінде ол командасымен бірге шығын көлемін, жұмыс ауқымын және нарыққа кірудің күрделілігін жақсы меңгергенін айтты. Сондықтан жаңа жобаларды бастамас бұрын барлық тәуекелді алдын ала есептеп отырады.

Сондай-ақ кәсіпкер жаңа нарықтарға кеңею қажеттілігі оның компанияларын Baiuly Capital Holding холдингіне біріктірудің басты себептерінің бірі болғанын жеткізді. Бұл қадам бизнесті жүйелеуге, басқаруды күшейтуге және халықаралық деңгейде дамуға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, Тұрсынғали Алагөзов бұған дейін де берген сұхбаттарында бизнесті ұзақ мерзімді жоспармен дамыту, өндірісті ұлғайту және сыртқы нарыққа шығу басты мақсаттарының бірі екенін айтып келеді.