Жаңалықтар

Қазақстанда баспана қымбаттап барады: жаңа үй де, жалдамалы пәтер де өсті

Елімізде тұрғын үй бағасы жылдан жылға өсіп келеді. Қаңтар айының қорытындысы бойынша жаңа үйлердің орташа құны 1 шаршы метрге 604,8 мың теңгеге жетті. Осылайша, баға алғаш рет 600 мың теңгеден асты. Былтырғы қаңтармен салыстырғанда өсім 17%-ды құрады.

Жаңа тұрғын үйлер ең көп қымбаттаған қалалардың қатарында Алматы тұр. Мұнда баға бір жылда 23%-ға өсті. Астанада өсім 18% болды. Павлодарда баға 18,5%-ға, Ақтөбеде 18,4%-ға, Шымкентте 15%-ға көтерілді.

Екінші нарықтағы пәтерлер де арзандаған жоқ. Бұл сегментте жылдық өсім 13,6%-ға жетті. Орташа баға 1 шаршы метрге 624,5 мың теңге болды. Алматыда екінші нарықтағы баспана ең қымбат саналады. Мұнда 1 шаршы метрдің құны 741 мың теңгеге жетіп, 24%-ға өсті. Павлодарда баға 446,7 мың теңге (+16,2%), Ақтөбеде 371,2 мың теңге (+13,5%), Астанада 727,5 мың теңге (+10,4%), Шымкентте 470,9 мың теңге (+6,6%) болды.

Жалға берілетін тұрғын үй де қымбаттап жатыр. Ел бойынша орташа баға 1 шаршы метрге 5 мың теңгеге жетті. Бір жылдағы өсім 12,5%-ды құрады. Павлодарда жалдау ақысы 47%-ға, Петропавлда 40%-ға, Ақтөбеде 23,4%-ға өскен. Алматыда жалдау құны 6 мың теңге (+12%), Астанада 5,6 мың теңге (+8,9%), Шымкентте 4,3 мың теңге (+14,5%) болды.

Айлық өзгерістерге келсек, 2025 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда жаңа үйлердің бағасы 2,5%-ға, екінші нарық 0,6%-ға, ал жалдамалы пәтерлер 1,5%-ға қымбаттаған.

Айта кетейік, бұған дейін тұрғын үйде үлесі бар азаматтарға да жеңілдетілген ипотекаға өтініш беруге мүмкіндік берілгені хабарланған болатын. Бұл шешім баспана алуға ниетті тұрғындар үшін жаңа мүмкіндік ашып отыр.