Жаңалықтар

Роналду мен Месси бір командада өнер көрсетуі мүмкін

Футбол әлемін елең еткізген тағы бір болжам айтылды. Клуб басшысы әрі бұрынғы әйгілі футболшы Дэвид Бекхэм қазіргі заманның екі алыбы Криштиану Роналду мен Лионель Месси бір клубта ойнаса деген арманын жасырмады.

Бекхэм жетекшілік ететін Интер Майами қазір Роналдудың Әл-Наср сапындағы жағдайын мұқият бақылап отырған көрінеді. Сауд Арабиясы клубы 5 мәрте «Алтын доп» иесін сақтап қалу үшін бар мүмкіндігін салары анық. Алайда уақыт өткен сайын жағдай күрделене түскені байқалады.

Дегенмен португалиялық жұлдызды АҚШ клубына шақыру оңай шаруа емес. Футболшының қаржылық талаптары келіссөздерге елеулі кедергі келтіруі мүмкін. Оның үстіне Роналдудың Месси ойнап жүрген командаға баруға аса құлшыныс танытып отырғаны байқалмайды.

Соған қарамастан, футболды жаһандық деңгейдегі шоу деп қабылдайтын Бекхэм бұл мүмкін трансферді клубтың ұзақмерзімді әрі ауқымды жобасының бір бөлігі ретінде қарастырады. Оның ойынша, мұндай қадам тек спорттық емес, маркетингтік тұрғыдан да үлкен серпін бермек.

Айта кетейік, Роналду мен Мессиді бір клубтан көру – миллиондаған жанкүйердің көптен бергі арманы. Әзірге Криштианудың «Әл-асрдан» кететіні не қалатыны белгісіз. Бірақ португалиялық футболшының әрбір қадамын әлемдік футбол қауымдастығы жіті бақылап отыр.

Егер екі аңыз бір командада доп тепсе, бұл футбол тарихындағы ең ерекше сәттердің бірі болары сөзсіз. Ал Роналдудың АҚШ чемпионатына ауысуы көпшілік үшін шын мәнінде «ғасыр трансфері» атануы мүмкін.