Жаңалықтар

Әуе мен теміржол бағыттары кеңейіп келеді

2025 жылы еліміздің көлік саласында ауқымды өзгерістер болды. Азаматтық авиация жаңарып, халықаралық бағыттар көбейді. Теміржол мен теңіз тасымалының көлемі артты. Үкіметтің ресми деректері бұл саладағы жұмыстардың жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын көрсетеді.

Өткен жылы азаматтық авиацияны дамыту әуе паркінің жаңаруымен қатар жүрді. Жаңа Airbus A320 және Boeing 737 MAX 8 ұшақтарын қоса алғанда, еліміздегі әуе кемелерінің саны 109 бірлікке жетті. Бұл ішкі және сыртқы рейстердің тұрақты орындалуына мүмкіндік берді.

Қазақстан аптасына 626 рейс жиілігімен 135 халықаралық бағыт бойынша 30 елмен әуе қатынасын жолға қойды. Халықаралық маршруттар қайта жанданып, жаңа бағыттар ашылды. Соның нәтижесінде елдің ұшу географиясы айтарлықтай кеңейді.

2025 жылы Арқалық әуежайын қалпына келтіру жұмыстары басталды. Алматы әуежайын дамытуға арналған жоспарлар таныстырылды. Сонымен қатар «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағында әуежай салу бойынша инвестициялық келісім жасалды. Бұл жобалар жүк және жолаушылар тасымалын күшейтуге бағытталған.

Халықаралық азаматтық авиация ұйымы жүргізген аудиттің қорытындысы бойынша Қазақстандағы авиациялық қауіпсіздік стандарттарына сәйкестік деңгейі 95,7%-ды құрады. Бұл елдегі әуе тасымалының халықаралық талаптарға сай екенін көрсетеді.

Теміржол саласында да оң өзгерістер байқалды. 2025 жылдың қорытындысы бойынша теміржол арқылы тасымалданған жүк көлемі 320 млн тоннаға жетті. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 5,5%-ға жоғары көрсеткіш.

Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында теміржол инфрақұрылымын жаңғырту жалғасты. Бүгінге дейін 4,4 мың шақырымнан астам жолда жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл пойыз қозғалысының қауіпсіздігі мен жылдамдығын арттыруға мүмкіндік берді.

Өткен жылы «Достық – Мойынты» теміржолының екінші желісі пайдалануға берілді. Сонымен қатар Алматы айналма жолы іске қосылды. «Қызылжар – Мойынты» желісінің құрылысы басталды. 775 локомотив жеткізуге және 124 вокзалды жаңғыртуға қатысты келісімшарттар жасалды.

Теңіз тасымалы да өсім көрсетті. 2025 жылы теңіз арқылы жүк тасымалдау көлемі 7%-ға артты. Контейнерлік тасымал 29%-ға көбейді. Ақтау портында контейнерлік хабтың құрылысы аяқталды. Транскаспий бағытын дамыту жұмыстары күшейтілді.