Жаңалықтар

Қазақстанда несие нарығы ұлғайып келеді

Былтыр елімізде халыққа берілген қарыз көлемі айтарлықтай артты. Жыл қорытындысы бойынша несие портфелі 19,8%-ға өсіп, жалпы сомасы 24,8 трлн теңгеге жуықтады. Бұл мәліметті Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жариялады.

Агенттік мәліметіне қарағанда, несие беру көлемі өскенімен, оның қарқыны бұрынғы жылмен салыстырғанда біршама баяулаған. Мәселен, 2024 жылы бөлшек несиелердің өсімі 23,9% болған. Қарыздың негізгі бөлігі тұтынушылық және ипотекалық несиелерге тиесілі. 2025 жылы ипотекалық қарыздар 14,6%-ға көбейіп, 6,9 трлн теңгеге жетті. Ал тұтынушылық несиелер 21%-ға өсіп, 16,7 трлн теңгені құрады.

Әсіресе кепілсіз несие беру саласында айтарлықтай өзгеріс байқалды. Егер 2024 жылы бұл сегмент 29,3%-ға артса, 2025 жылы өсім небәрі 14,5% болды. Сонымен қатар жаңа кепілсіз қарыз беру көрсеткіші 22,6%-дан 6,1%-ға дейін төмендеген. Мамандар мұны тәуекелді азайту үшін енгізілген шектеулермен байланыстырады. Несие нарығындағы өсімге автонесиелер де елеулі үлес қосты. Бір жыл ішінде автокөлікке берілетін қарыз көлемі 42,4%-ға ұлғайып, 4 трлн теңгеге жеткен.

Сонымен қатар несие алу құны да өсті. 2025 жылғы желтоқсанда теңгемен берілген қарыздардың орташа пайыздық мөлшерлемесі 18,3% болды. Ал 2024 жылы бұл көрсеткіш 17% деңгейінде болған. Қарыз сапасына қатысты көрсеткіштер де өзгерген. 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 90 күннен асқан мерзімі өткен берешек 4,3%-ды немесе 1,07 трлн теңгені құрады. Бұл 1 жыл бұрынғы 3,8%-дан жоғары.

Жалпы, банк жүйесі де өсім көрсетті. 2025 жылы банктердің активтері 15%-ға артып, 70,8 трлн теңгеге жетті. Бұл экономикаға бағытталған қаржы көлемінің ұлғайғанын білдіреді.