Шот ашқанда мақсатын көрсету міндеттелді
Енді банкте жеке шот ашатын азаматтар өз ақшасын қандай мақсатта пайдаланатынын алдын ала көрсетуі керек. Бұл талап Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі бекіткен жаңа ережеде қарастырылған.
Енді банкке барып жеке шот ашқанда, әр адам арнайы өтінішке қол қояды. Сол құжатта шоттың қандай мақсатта пайдаланылатыны нақты жазылады. Яғни, азамат өз ақшасын не үшін қолданатынын бірден көрсетеді. Егер шот жеке мақсатқа ашылса, ол «күнделікті өмірге арналған» деп белгіленеді. Мұндай шот жалақы алу, зейнетақы түсуі, коммуналдық төлем төлеу, дүкеннен сауда жасау сияқты тұрмыстық қажеттіліктерге ғана қолданылады. Бұл шот арқылы табыс табуға, бизнес жүргізуге немесе кәсіби қызметтен ақша қабылдауға болмайды.
Ұлттық банк бұл талапты жеке адамның ақшасы мен кәсіпкерлік табысты шатастырмау үшін енгізіп отыр. Осылайша банк те, клиент те шоттың мақсатын алдын ала біліп отырады. Жеке тұлға ретінде шот ашқан адам кәсіпкерлікпен айналыспайтынын жазбаша түрде растайды. Сондай-ақ бұл шот өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған арнайы салық режімінде де қолданылмайды. Бұл талаптар Ұлттық банктің 2025 жылғы 31 желтоқсанда қабылданған №111 қаулысына енгізілген.
Жаңа ережеге сәйкес, қарапайым дебет картамен бірнеше қызмет түрін жасауға болмайды. Атап айтқанда, банкпен арнайы келісім болмаса, жеке шот арқылы кәсіпкерлікпен айналысуға, өзін-өзі жұмыспен қамтыған ретінде табыс табуға, нотариус немесе адвокат ретінде жұмыс істеуге, атқарушылық құжаттар бойынша төлем қабылдауға, медиация қызметін жүргізуге тыйым салынады.
Ұлттық банк бұл өзгерісті шектеу қою үшін емес, ақша қозғалысын реттеу мақсатында енгізіп отырғанын айтады. Соңғы жылдары көп адам бизнеске қатысты төлемдерді жеке шот арқылы жүргізген. Бұл салықты бақылауды қиындатып, түрлі түсінбеушілікке себеп болған. Ережені бұзғандарға жауапкершілік қарастырылуы мүмкін. Алайда нақты қандай жаза қолданылатыны әзірге жарияланған жоқ.
Көпшілікті қызықтыратын тағы бір мәселе – бұрын ашылған шоттардың тағдыры. Бұл талап тек 2026 жылғы 11 қаңтардан кейін ашылатын жаңа шоттарға қатысты. Бұрыннан бар шоттарды қайта рәсімдеу міндеттелмейді. Дегенмен банк шоттағы операциялар кәсіпкерлік қызметке ұқсап кетсе, оның мақсатын нақтылап сұрауы мүмкін. Сондықтан мамандар жеке және бизнес қаржыны бөлек ұстауға кеңес береді.