Жаңалықтар

Жаңа Конституция инклюзияның барлық заманауи принциптеріне сай келеді – Ләззат Қалтаева

Сенат жанындағы Инклюзия мәселелері жөніндегі кеңестің төрағасы Ләззат Қалтаева жаңа Конституция жобасына қолдау білдіріп, онда мүгедектігі бар азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделері жан-жақты қамтылғанын атап өтті.

Конституциялық комиссияның тоғызыншы отырысында сөйлеген сөзінде ол жаңа Конституцияның негізгі басымдығы – адам құқықтары мен бостандықтарын ең жоғары құндылық ретінде тану екенін айтты. Бұл қағидат, оның айтуынша, мүгедектігі бар адамдарға да тікелей қатысты.

Ләззат Қалтаева жаңа Конституция жобасында азаматтарды жас ерекшелігіне, денсаулық жағдайына, мүгедектігіне немесе өзге де заңды себептерге байланысты әлеуметтік қорғау кепілдіктері нақты айқындалғанын жеткізді. Сонымен қатар, ол мүгедектік мәселесіне қатысты мемлекет пен қоғамның көзқарасы тек құқықтық нормалармен шектелмей, тең құқықтар мен тең мүмкіндіктерді іс жүзінде қамтамасыз етуге негізделуі тиіс екенін атап өтті.

Оның айтуынша, Конституция жобасында кемсітушіліктің кез келген түріне жол бермеу қағидаты берік бекітілген. Осы орайда, мүгедектігі бар адамдар үшін тең қолжетімді орта қалыптастыру – адам құқықтарын толық іске асырудың маңызды бөлігі болып табылады.

Сондай-ақ, Ләззат Қалтаева Қазақстан Республикасының мүгедектердің құқықтары туралы халықаралық конвенция аясындағы міндеттемелері жаңа Конституция қабылданған жағдайда да толық сақталатынын айтты.

Кеңес төрағасы Конституция жобасының бастапқы баптарында-ақ азаматтардың жағдайын нашарлататын құқықтық нормалардың кері күшін қолдануға тыйым салу қағидаты бекітілгеніне назар аударды. Бұл тәсілді құқық қолдану тәжірибесінде де біртіндеп енгізу қажеттігін атап өтті.

Оның сөзінше, алдыңғы отырыстарда жаңа Конституция жобасын республикалық референдумға шығару мәселесі талқыланған. Бұл – мемлекеттің негізгі заңы саналатын аса маңызды құжат, сондықтан әрбір азамат өз көзқарасын еркін және тең білдіруге мүмкіндік алуы тиіс.

Сонымен қатар, Ләззат Қалтаева Конституция мәтінін инклюзив форматтарға бейімдеу қажеттігін атап өтті. Атап айтқанда, көру қабілеті шектеулі азаматтар үшін Брайль қарпінде, ал интеллектуалдық дамуында ерекшеліктері бар адамдар үшін түсінікті тілде нұсқаларын әзірлеу маңызды екенін айтты.

Қорытынды сөзінде ол жаңа Конституция жобасында азаматтардың мемлекеттік басқаруға қатысу аясын кеңейтетін нормалар бар екенін жеткізді. Бұл, өз кезегінде, әлеуметтік тұрғыдан осал топтардың құқықтарын қорғауға және инклюзияны тиімді жүзеге асыруға қосымша мүмкіндіктер береді.

«Сарапшылардың, азаматтық қоғам өкілдерінің және халықтың пікірлері мен ұсыныстарын ескере отырып, жаңа Конституция жобасын құқықтық әрі әлеуметтік тұрғыдан дамыған мемлекеттің берік негізі ретінде қолдауға болады деп санаймын», – деп түйіндеді Ләззат Қалтаева.