Жаңалықтар

Құлсарыда оқушы балтамен шабуыл жасады: екі бала жарақат алды

Атырау облысының Құлсары қаласында 10-сынып оқушысы жанжалдан кейін мектепте қатарластарына балтамен шабуыл жасады. Оқиға салдарынан екі оқушы жеңіл жарақат алған.

5 ақпан күні «102»-ге Құлсары қаласындағы мектептердің бірінде оқушының шабуыл жасағаны туралы хабар түскен. Алдын ала мәлімет бойынша, 10-сынып оқушысы құрдастарымен болған жанжалдан кейін балта алып, оларға шабуыл жасап, артынша мектеп аумағынан кетіп қалған.

Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, оқиға салдарынан екі оқушы жеңіл дене жарақатын алған. Шақырту түскеннен кейін оқиға орнына дереу полиция қызметкерлері жетіп, күдікті жасөспірімді анықтап, ұстаған. Оқиғаға қатысы бар барлық оқушылар мен олардың ата-аналары полиция бөліміне жеткізілді. Аталған дерек бойынша бұзақылық бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Ресми мәліметте жарақаттың нақты сипаты мен қалай алынғаны нақтыланбаған. 15 жастағы күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалып, ішкі істер органдарының есебіне алынған. Іс материалдары процессуалдық шешім қабылдау үшін кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссияға жолданды. Ал ата-анасына бала тәрбиесіне тиісінше көңіл бөлмегені үшін әкімшілік іс қозғалған.

Сондай-ақ қылмыстық іс аясында білім бөліміне қылмысқа себеп болған жағдайлар мен кемшіліктерді жою туралы ұсыныс енгізілген. Тергеу қорытындысы бойынша білім беру ұйымының жауапты тұлғалары мен мектепті күзеткен агенттік қызметкерлерінің әрекетіне құқықтық баға беріледі.