Жаңалықтар

Германияда өлтірілген қазақстандық экс-судья ісі: күдіктілер Мәскеуде табылды

Германияда қаза тапқан қазақстандық бұрынғы судья Айгүл Сайлыбаеваның өліміне қатысы бар деген күдікке ілінген күйеуі мен енесі Мәскеуде еркін өмір сүріп жатқан болып шықты.

Ресейдегі 112 телеграм-арнасының мәліметінше, Айгүл Сайлыбаеваның күйеуі Александр Донцов пен оның анасы Наталья Донцова қазір Мәскеуде тұрып, жұмыс істеп жүр. Жарияланған видеода Александр Донцов өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарып, отбасының «Айгүлдің өліміне еш қатысы жоқ» екенін айтты.

2 ақпанда Мәскеу тергеу комитетінде Александр мен Наталья Донцовтардан жауап алынған. Наталья Донцова Ресей Конституциясының 51-бабына сүйеніп, өзіне және жақындарына қарсы куәлік беруден бас тартқан.

Қазір олар Натальяның анасының үйінде тұрады. Александр Донцов Жоғары экономика мектебінің әлемдік экономика және саясат факультетінде ғылыми қызметкер болып жұмыс істейді.

Бұған дейін, желтоқсан соңында марқұмның ағасы Қанат Сайлыбаев Александр мен Наталья Донцовтардың Мәскеуде ұсталғанын, экстрадиция мәселесі қаралатынын айтқан еді. Алайда ресми органдар бұл жөнінде нақты жауап бермеген.

Бұрынғы зерттеулерде Донцова жауапкершіліктен жалтаруына оның байланыстары мен бұрынғы мәртебесі әсер етуі мүмкін екені айтылған. Ол 2018 жылы Мәскеу мэрі қызметіне кандидат болған.