Жаңалықтар

Әлемдік БАҚ Қазақстандағы конституциялық реформа туралы не жазып жатыр

Қазақстан Конституциялық комиссиясының жұмысы нәтижесінде ұсынылған жаңа Конституция жобасы шетелдік ақпарат құралдарының кең назарын аударды. Алыс шетел, Ресей және ТМД елдерінің басылымдары өзгерістерді әртүрлі қырынан түсіндіріп, негізгі назарды құндылықтарға, азаматтардың қатысуына, аумақтық тұтастыққа және болашақ мемлекеттік басқару моделіне аударып отыр.

АҚШ: техникалық емес, құндылықтық жаңғыру

Америкалық Timesca басылымы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Құрылтайдағы сөзін қоғам алдындағы жауапкершілік пен моральдық бағдарларға үндеу ретінде сипаттайды. Автордың пікірінше, саяси-экономикалық мәселелерден гөрі құндылықтық негіз басым көрінеді.

Осы тұрғыда реформа мемлекеттік институттардың құрылымынан бұрын қоғам санасын жаңғырту қажеттілігімен байланыстырылған.

Негізгі тұжырым: елдің тұрақтылығы тек заң жүйесіне емес, азаматтық мәдениеттің сапасына да тәуелді.

Норвегия: реформаның өзегі — адам құқықтары

Норвегиялық Geopolitika басылымы реформаны конституциялық тілдің, институттардың және кепілдіктердің жүйелі жаңаруы ретінде қарастырады. Өзгерістердің ауқымы мен жеке құқықтарды күшейтуге бағытталғаны ерекше атап өтіледі.

Басылым жаңа жоба мемлекет сипатын айқындайтынын жазады: Қазақстан — демократиялық, зайырлы, құқықтық әрі әлеуметтік мемлекет, онда адам, оның өмірі мен бостандығы ең жоғары құндылық болып саналады.

Норвегиялық сараптама тұлғаларға емес, мемлекеттік құрылымға, құқықтық жүйеге және жаңа институттарға назар аударады.

Литва және Оңтүстік Африка: жүйенің болжамдылығы мен заңдылық

Литваның Mruni.eu басылымы реформаны билік архитектурасын қайта құру ретінде бағалайды. Онда вице-президент институтының қажеттілігі, бірпалаталы парламенттің заң шығару үдерісін жеделдетуі мен ашықтықты арттыруы талданады.

Ал Оңтүстік Африканың The Diplomatic Society басылымы реформаның мазмұнынан бұрын оның процесіне мән береді. Қоғамдық талқылау, азаматтардың қатысуы және референдум халық егемендігінің көрінісі ретінде бағаланады. Қазақстан азаматтардың белсенділігі арқылы ішкі тұрақтылықты күшейтуді көздейтін мемлекет ретінде сипатталады.

Вьетнам: мәдениет пен «жұмсақ күш»

Vietnam Times Құрылтайды қоғамдық диалог алаңы ретінде көрсетіп, реформаны мәдениет, креативті индустрия, тарихи мұра және цифрландырумен байланыстырады.

Басылым Қазақстанды ұлттық болмысынан ажырамай жаңғыруға ұмтылған мемлекет ретінде сипаттайды. Реформаның тиімділігі тек экономикалық көрсеткіштермен емес, қоғамдық сана, әлеуметтік жауапкершілік және моральдық бағдарлардағы өзгерістермен өлшенетіні атап өтіледі.

Ресей және ТМД: шекара мен егемендік тақырыбы

Ресейлік медиакеңістікте (ТАСС, Lenta және т.б.) басты назар — жаңа Конституция жобасы мемлекеттік шекараны өзгертуді қарастырмайтыны туралы мәлімдемелер. Бұл тақырып егемендіктің саяси белгісі ретінде ұсынылады.

Сонымен қатар ресейлік сараптамада билік транзиті, вице-президент институты, Конституциялық соттың рөлі және жүйенің тұрақтылығы талқыланады. Кейбір материалдар тіл, отбасы, экология және цифрлық нормалар мәселесін де қозғайды, бірақ олар негізгі тақырыптан кейінгі орында.

Әзербайжан: мемлекеттік тіл мен билік моделі

Әзербайжанның media.az және Азертадж басылымдары реформаның құқықтық жағына назар аударады. Онда қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесі нақты әрі айқын бекітілгені және негізгі институционалдық өзгерістер — бірпалаталы парламент, вице-президент, Халық кеңесі атап өтіледі.

Бұл бағыт көрші елдер үшін саяси пікірталастан гөрі мемлекеттік негіздер мен ұлттық сәйкестік маңызды екенін көрсетеді.

Шетелдік реакцияның ортақ қорытындысы

Жалпы алғанда, бір оқиға әр елде әртүрлі мағынада қабылдануда. Алыс шетелдік БАҚ Қазақстанды құндылықтарға негізделген қоғамдық келісімді нығайтып, адам құқықтарын кеңейтетін мемлекет ретінде сипаттайды.

Ресей және посткеңестік кеңістіктің бір бөлігі реформаны саяси үдеріс ретінде қарап, аумақтық тұтастық, егемендік, тіл саясаты және билік құрылымына көбірек мән береді.

Ал Әзербайжан басылымдары мемлекеттік тіл мен басқару моделінің негізгі қағидаларын басты назарға алған.

Басты тұжырым айқын: сыртқы баспасөз Қазақстанда ірі саяси-құқықтық жаңғыру жүріп жатқанын мойындайды. Айырмашылық тек — біреулер оны құндылықтық және қоғамдық жоба ретінде бағаласа, енді біреулер қауіпсіздік, шекара және болашақ билік конфигурациясы тұрғысынан түсіндіреді.