Ақтауда Роналдо дүниеге келлі: ата-анасы баласына футбол жұлдызының есімін қойды
Ақтаулық ерлі-зайыпты Мерей мен Әсел Оразбековтер төртінші перзентіне Роналдо деген есім қойған. Бұл таңдау әлеуметтік желілерде қызу талқылауға себеп болды.
Баланың анасы мұндай есімді не себепті таңдағандарын түсіндірді.
«Бірі баласына батырдың атын қояды, бірі атасының есімін береді. Ал біз баламыздың есімі әлемдік деңгейде естілсе дедік», — дейді ол.
Сондай-ақ, ата-аналар «қазақша ат таппадыңдар ма?» деп сын айтқандарға да жауап берді.
«Қазақтың рухы баланың атымен емес, тәрбиесімен өлшенеді. Уайымдамаңыздар, ұлымды нағыз қазақ болып өсіремін. Ең бастысы — бұл есімді ата-анасы үлкен махаббатпен таңдады. Қалғаны — жай ғана фон», — деді анасы.
Оразбековтер әулеті болашақта кішкентай Роналдо жарқын тұлға болып қалыптасып, өз есімін тек Қазақстанда ғана емес, шетелде де танытады деп үміттенеді.