Қазақстан экономикасын қазір кім «сүйреп» тұр: Halyk Finance жаңа индекс жариялады
Halyk Finance компаниясы Қазақстандағы іскерлік ахуалды бағалайтын өзінің жеке іскерлік белсенділік индексін іске қосты. Зерттеу 650-ден астам компанияны қамтып, шағын, орта және ірі бизнесті, барлық негізгі салалар мен өңірлерді қамтиды. Көрсеткіштер тоқсан сайын салыстырылады.
2025 жылдың төртінші тоқсанының қорытындысы бойынша индекс 54,9 болды. Бұл — үшінші тоқсанмен салыстырғанда іскерлік белсенділіктің артқанын білдіреді.
Алайда ірі бизнес бойынша жағдай басқаша. Бұл сегментте индекс 48,2 деңгейінде қалып, бейтарап межеден төмен түсті.
▪️ Түсім — 47,8
▪️ Тапсырыстар мен клиенттер — 44,9
▪️ Жалпы іскерлік белсенділік — 49
Сарапшылар мұны жыл соңындағы дәстүрлі үрдіспен байланыстырады: бюджетті жабу, жаңа келісімшарттарға сақтықпен қарау және инвестициялық шешімдерді кейінге қалдыру. Сұраныс әлсіреп, негізгі басымдық қаржылық тұрақтылықты сақтауға ауысқан.
Ал шағын және орта бизнес (МСБ) керісінше, өсім аймағында тұр. Бұл сегменттегі индекс 55,8 болды.
▪️ Түсім — 56,3
▪️ Тапсырыстар — 56,0
▪️ Іскерлік белсенділік — 56,9
МСБ нарықтағы өзгерістерге тез бейімделіп, тіпті жыл соңында да айналымын арттырған. Жұмыспен қамту көрсеткіші де осы сегментте жоғары — 54,1, ал ірі бизнесте бұл көрсеткіш 51,3. Бұл экономиканың қазіргі белсенділігін негізінен шағын және орта кәсіпкерлік ұстап тұрғанын көрсетеді.
Салалар бойынша ең жоғары өсім су жеткізу, кәріз және қалдықтарды өңдеу секторында тіркелді — 81,7. Бұл инфрақұрылымдық жобалардың белсенді іске асырылып жатқанын аңғартады.
Сонымен қатар:
▪️ Тау-кен өнеркәсібі — 67,3
▪️ Өңдеу өнеркәсібі — 65,8
Өңірлік тұрғыда іскерлік белсенділік Түркістан облысында, Шымкент пен Атырау облысында айқын байқалады. Ал Жетісу мен Ұлытау облыстарында керісінше, төмендеу тіркелген. Алматы мен Астана орташа республикалық деңгейден сәл төмен көрсеткіш көрсетті.
Сарапшылардың айтуынша, экономикалық қозғалыс мегаполистерден өңірлерге қарай ойысып барады. Қорытынды біреу: 2025 жылдың соңында Қазақстан экономикасы құлдырауға ұшыраған жоқ, алайда өсім біркелкі болмады. Негізгі серпінді МСБ, өнеркәсіп пен инфрақұрылым беріп отыр, ал ірі бизнес әлі де сақтық танытуда.