Жаңалықтар

Оңтүстік Кореяда зауыт өртеніп, қазақстандық жұмысшы табылмай жатыр

Оңтүстік Кореяда азық-түлік пен сусын өндіретін кәсіпорында болған өрттен кейін Қазақстан азаматы із-түзсіз жоғалып кетті. Бұл ақпаратты еліміздің Сыртқы істер министрлігі ресми түрде растады.

Ведомство мәліметінше, 30 қаңтар күні Мэндон-мён қаласындағы зауытта өрт шыққан. Оқиға салдарынан 81 қызметкер эвакуацияланған, алайда екі жұмысшының, оның ішінде Қазақстан азаматының қайда екені әлі белгісіз.

Ал 31 қаңтар күні таңертең өрт шыққан цехтың ішінен жеке басы анықталмаған мәйіт табылған. Қазіргі уақытта марқұмның кім екенін анықтау үшін полиция Ұлттық ғылыми-зерттеу институтына сараптамаға жіберген.

«Қазақстанның Оңтүстік Кореядағы елшілігі жергілікті полициямен, өрт сөндіру қызметімен және жоғалған азаматтың туыстарымен тұрақты байланыста. Мәселе дипломатиялық бақылауда», – деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.

Іздеу және анықтау жұмыстары жалғасып жатыр.