Жаңалықтар

Бір күнде екі рет өртенді: Ертіс көпірінде қайтадан өрт шығып, құрылыс тағы тоқтады

Павлодар қаласында Ертіс өзені арқылы салынып жатқан көпір құрылысында тағы да өрт тіркелді. Соның салдарынан нысандағы жұмыстар қайтадан тоқтатылды.

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ баспасөз қызметінің хабарлауынша, 1 ақпан күні шамамен сағат 10:30-да (Қызылорда – Павлодар – Успенка – РФ шекарасы автожолы, 1381-шақырым, №5 тірек) аралық құрылымның жылулық қорғаныс тенті түтіндеп, жанған.

Айта кетейік, бұған дейін №4 тіректе де осындай жағдай тіркеліп, 31 қаңтардан бастап құрылыс уақытша тоқтатылған болатын.

Абырой болғанда, оқиғадан зардап шеккендер жоқ. Қазіргі таңда төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері өрттің себеп-салдарын анықтап, толық сөндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Аталған дерек бойынша ішкі тексеру басталғаны хабарланды.