Жаңалықтар

Екі вагон аударылды: Талдықорғанда вагондар рельстен шығып кеткен

Талдықорған қаласында жеке меншік кірме жолда жүк тиелген теміржол цистерналары өздігінен қозғалып, соның салдарынан екі вагон рельстен шығып кеткен.

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқиға 31 қаңтар күні сағат 21:36-да «Bars Build» ЖШС-не тиесілі жеке кірме жолда болған. Бес жүк цистернасы тұрған күйінен қозғалып, тұйық жолдың қорғаныс үйіндісіне соғылған. Соның нәтижесінде екі вагон аударылған.

Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ, қауіпті жүктің төгілуі де тіркелмеген. Оқиға орнында ТЖД-ның 25 қызметкері мен 7 техникасы жұмыс істеуде.

Апатқа байланысты 1 ақпан күні сағат 00:25-тен бастап Талдықорған – Қарабұлақ аралығындағы теміржол учаскесі жабылып, №3604 пойызы кешіктірілген. Қазіргі уақытта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.

«Оқиға КТЖ-ның жауапкершілік аймағына кірмейтін жеке кірме жолда болған. Себептерін арнайы комиссия анықтап жатыр», – деп мәлімдеді компания.