Жаңалықтар

15 адам қаза тапты: Украинада перзентхана атқыланып, шахтерлер мінген автобус жарылды

Украинада соғыс салдарынан бейбіт тұрғындар тағы да зардап шекті. Запорожье қаласында перзентханаға соққы жасалып, кемінде алты адам жарақат алды.

Бұл туралы Запорожье облыстық әскери әкімшілігінің басшысы Иван Федоров хабарлады. Оның айтуынша, жараланғандардың арасында медициналық тексеруден өтіп жатқан екі әйел бар. Шабуылдың нақты қандай қарумен жасалғаны айтылмады, алайда қалада бұған дейін «шахед» дрондарымен әуе шабуылы тіркелген.

Кейінірек Федоров дрон жарылысы салдарынан төрт жастағы бала мен тағы екі әйелдің жарақат алғанын мәлімдеді. Қалада әуе дабылы әлі де жалғасып жатыр.

Сонымен қатар, кеше 1 ақпанда Днепропетровск облысындағы Павлоград қаласының маңында Ресей әскері дрон арқылы шахтерлер отырған қызметтік автобусқа да шабуыл жасаған. Соның салдарынан 15 адам қаза тауып, 7 адам жарақат алды.

Украинадағы ірі энергетикалық компания ДТЭК-тің мәліметінше, дрон ауысымнан кейін кеншілерді алып бара жатқан автобусқа бағытталған. Төтенше жағдайлар қызметі өрттің толық сөндірілгенін хабарлады. Қаза тапқандар мен жараланғандардың барлығы — шахта қызметкерлері.