Жаңалықтар

«Мен 30 жыл үшін жауапты емеспін»: Депутат халыққа жауап берді

30 қаңтар күні Мәжіліс депутаты Самат Нұртаза Threads әлеуметтік желісіндегі парақшасында Қазақстан Парламентінің 30 жылдығына арналған әріптестерімен бірге түскен фотосын жариялады.

Жазба астында пікір қалдырған қолданушылардың бірі депутатқа сыни сұрақ қойып, оның ел мен халық үшін атқарған істеріне күмән келтірген. Аталған пікірге жауап ретінде мәжілісмен дөрекі сөз қолданып, өзін 30 жылдық кезең үшін емес, тек өз қызмет еткен үш жылы үшін жауапты екенін жазған.

Кейін бұл жазба мен пікірталас депутаттың парақшасынан алынып тасталғанымен, оның жауап мәтіні әлеуметтік желілерде кеңінен тарап кетті. Бұл жағдай қоғамда қызу талқыланып, көпшілік Самат Нұртазаның сөз саптауын орынсыз әрі әдепке сай емес деп сынға алды.

Айта кетейік, Самат Нұртаза Мәжіліс депутаты қызметіне 2023 жылдың наурыз айында кіріскен. Ал оған дейін 2022–2023 жылдары «Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесі директорының орынбасары болған.