Sportroom

Елена Рыбакина Australian Open–2026 турнирінің чемпионы атанды

Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина 2026 жылғы Australian Open турнирінде топ жарып, мансабында тұңғыш рет Австралия ашық чемпионатының жеңімпазы атанды.

Әлемдік рейтингте бесінші орында тұрған қазақстандық теннисші финалда дүниежүзінің бірінші ракеткасы, Беларусь өкілі Арина Соболенкоға қарсы ойнады. Мельбурнде өткен хард жабындысындағы шешуші кездесу үш сетке созылып, 6:4, 4:6, 6:4 есебімен Рыбакинаның жеңісімен аяқталды. Матч 2 сағат 18 минутқа жалғасты.

26 жастағы Елена Рыбакина осылайша Australian Open турниріндегі алғашқы титулын еншіледі. Бұл — оның Үлкен дулыға жарыстарындағы екінші жеңісі. Бұған дейін ол 2022 жылы Уимблдон турнирінде чемпион атанған.

Ал Арина Соболенко Австралия ашық чемпионатының финалында екінші жыл қатарынан жеңіліс тапты. Өткен жылы бұл турнирде америкалық Мэдисон Киз жеңіске жеткен еді. Айта кетейік, Соболенко бұған дейін Australian Open додасында екі мәрте чемпион болған.

Мельбурндегі мэйджордан кейін Арина Соболенко әлемдік рейтингтің көшбасшысы болып қала береді. Ал Елена Рыбакина бесінші орыннан үшінші сатыға көтеріледі. Рейтингтің екінші орнына польшалық Ига Швёнтек орналасады.