Рамазанға 20 күн қалды. Ораза айына қалай дайындалу керек?
Кез келген маңызды істің берекесі — дайындықтан басталады. Ал жылына бір-ақ рет келетін, Құран түскен, күнәлар кешірілетін, жаннаттың есіктері ашылып, тозақтың есіктері жабылатын қасиетті Рамазан айы тіпті ерекше дайындықты талап етеді.
Рамазан — бізге жылына бір мәрте келетін қастерлі қонақ секілді. Оны құрметпен қарсы алған жан, қиямет күні де құрметке бөленеді. Қасиетті айдың әр сәтін зая кетірмей, сауабы мол істермен өткізу үшін төмендегі бірнеше маңызды әдепке назар аударған жөн.
1. Рамазанға аман-есен жеткізуін сұрап, дұға ету
Пайғамбарымыздың (с.а.с.) көзін көрген сахабалар Рамазанға алты ай бұрын-ақ: «Уа, Алла, бізді Рамазанға жеткіз», – деп дұға еткен. Ал қасиетті ай өткен соң, тағы алты ай бойы сол Рамазанда жасаған амалдарының қабыл болуын тілеген.
Алла елшісі (с.а.с.) Рамазан қарсаңында мына дұғаны оқуды үйреткен:
«Аллаһумма бәрик ләнә фи ражәб уә шағбан, уә бәллиғна рамадан»
«Уа, Алла! Рәжәб пен Шағбан айларына береке беріп, бізді Рамазанға амандықпен жеткізе гөр».
2. Оразаға қатысты үкімдерді бір қайталап шығу
Ораза — намаз секілді күн сайын орындалатын құлшылық емес, жылына бір-ақ рет келеді. Сол себепті кейбір үкімдер мен мәселелердің ұмытылуы заңды.
Сондықтан, білгеннің өзінде, Рамазан басталмай тұрып шариғат кітаптарынан оразаға қатысты үкімдерді қайта қарап шығу — сауатты әрі саналы құлшылыққа бастайтын маңызды қадам.
3. Бұл Рамазан — соңғысы болуы мүмкін деген сезіммен қарсы алу
Адам біреумен соңғы рет кездесетінін білсе, сол сәтті барынша мәнді өткізуге тырысады. Дәл сол секілді, мұсылман әрбір құлшылығын өміріндегі соңғы құлшылығы секілді орындауы қажет.
Пайғамбарымыз (с.а.с.):
«Намаз оқығанда қоштасып тұрған адамның намазындай оқы», – деп өсиет еткен.
Рамазанды да соңғы рет қарсы алып тұрғандай сезіммен өткізген адам оның әр күнін, әр сағатын қадірлейді және одан барынша рухани пайда алады.
4. Рамазанда жақсылық жасауға шынайы ниет ету
Хадисте: «Амалдар ниетке байланысты» делінген. Сондықтан Рамазанға дейін-ақ өз ниетімізді жаңартып,
«Бұл айда қандай жақсылық жасай аламын?» деп ойланған жөн.
Тіпті бір істі орындауға мүмкіндік болмай қалса да, шынайы ниет еткен жанға сауап жазылады:
«Кімде-кім бір жақсы істі істеуге ниеттеніп, бірақ оны орындай алмаса, Алла оған толық бір сауап жазады».
Мысалы, Рамазанға мынадай ниеттерді жоспарлауға болады:
- Қасиетті Құранды бір айда толық оқып шығу (арабша болмаса, мағынасын оқу);
- Бес уақыт намазды жамағатпен оқуға тырысу;
- Жаман әдеттерден арылып, мінезді көркемдеу;
- Адамдармен қарым-қатынасты жақсарту;
- Таңғы және кешкі дұғаларды үзбей оқу;
- Тарауық намаздарына қатысу;
- Мұқтаж жандарға қол ұшын беру.
5. Рамазанға арнайы жоспар құру
Рамазанның әр минуты — алтын. Сол уақытты бос өткізбеу үшін нақты жоспар болғаны абзал. Жоспарды қағазға жазып қоюға да болады.
Онда:
- Құран оқу,
- Тарауық, тахажжуд, дұха намаздары,
- Тілді бос сөзден, көзді харамнан сақтау,
- Ашуды тежеп, адамдарға күлімсіреп қарау
секілді амалдарды белгілеп, 30 күнге арналған бақылау тізімі жасасаңыз, ай соңында өзіңізді есепке тарта аласыз.
Хазірет Омар (р.а.):
«Сендер есепке тартылмай тұрып, өздеріңді есепке тартыңдар», – деген.
Рамазан — дәл осы өз-өзіңмен есеп айырысатын ең қолайлы уақыт.
Алла Тағала баршамызды қасиетті Рамазан айына амандықпен жеткізіп, оразамызды шынайы ықыласпен ұстап, қиямет күні Райян қақпасынан кіретін құлдарынан етсін!