Түркістанда үш полицейдің 18 жасар қызды зорлағаны рас па?
Түркістан облысында орын алған зорлау дерегі бойынша қылмыстық іс тіркелді. Бұл туралы Қазақстанның Ішкі істер министрлігі ресми мәлімдеме жасады.
Әлеуметтік желілерде үш полицейдің 18 жастағы қызды зорлағаны, кейін олардың бірден жұмыстан қуылғаны туралы ақпарат тараған. ІІМ бұл мәліметке түсініктеме берді.
«Жыныстық қатынасқа мәжбүрлеу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұрынғы полиция қызметкерлерінің қатысы болуы мүмкін деген ақпарат толық көлемде тексеріледі және оған принципті құқықтық баға беріледі. Қызметтік тексеріс нәтижесінде аталған тұлғалар қызметтің беделін түсіргені үшін ішкі істер органдарынан жұмыстан босатылды», – деді ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Әлекешев.
Ведомство бұл істің ішкі істер министрінің ерекше бақылауында екенін хабарлады.