Жаңалықтар

Конституцияның жаңартылған преамбуласы – кемел мемлекет таңдауы — Айдос Сарым

Конституциялық комиссияның бесінші отырысында Мәжіліс депутаты Айдос Сарым Конституция преамбуласына ұсынылып отырған өзгерістердің идеологиялық әрі тұжырымдамалық маңызына тоқталды.

Депутаттың айтуынша, болашақ Негізгі заңның преамбуласында Президент ұсынған қуатты идеялық-идеологиялық тұжырымдар көрініс тапқан. Оның сөзінше, бұл преамбула еліміздің жүріп өткен тарихи жолын ғана емес, сонымен қатар Қазақстанның мақсат-мұратын, ұмтылысы мен болашаққа деген көзқарасын айқындайды.

— Алдыңғы преамбула, ашығын айтқанда, енді ғана қалыптасып келе жатқан мемлекет пен қоғамның шынайы жағдайын көрсететін. Ал қазіргі нұсқа — қалыптасқан мемлекеттің салмақты әрі батыл таңдауы. Бұл — алға қарай нық қадам басып, болашаққа бет алған кемел, жауапты қоғамның таңдауы. Бұл туралы осы залда да, осы мінберде де аз айтылған жоқ. Алайда Конституцияның преамбуласы — кітаптың алғы сөзі емес. Ол — бүкіл құжаттың идеялық өзегі, моральдық бағдары және идеологиялық императиві. Шын мәнінде, преамбула өте ықшам, он шақты жолға сыйғызылған түрде, Президенттің Жолдауын бастау нүктесі етіп алсақ, жарты жылдық бірлескен жұмыстың нәтижесінде қалыптасқан барлық тұжырымды жинақтап көрсетіп отыр, — деді Айдос Сарым.

Осы орайда депутат ұсынылып отырған өзгерістер Конституцияның 77 бабын қамтитынын, бұл Негізгі заң мәтінінің 80 пайыздан астамын құрайтынын еске салды. Оның пікірінше, мұндай ауқымды жаңарту жағдайында жаңа Конституция қабылдау мәселесін көтеру орынды әрі қисынды.