Жаңалықтар

Алматыда автобус жүргізушісі рөлде отырғанда көз жұмды

Алматыда №92 бағыттағы автобус жүргізушісі жұмыс үстінде қайтыс болды. Алдын ала мәлімет бойынша, 55 жастағы ер адам жедел миокард инфарктынан көз жұмған.

Оқиға 25 қаңтар күні Абай даңғылы мен Саин көшесінің қиылысында болған. Автобус бағдаршамның қызыл сигналына тоқтаған сәтте жүргізушінің жағдайы кенеттен нашарлаған.

«Жүргізуші өзін жайсыз сезінген. Сол сәтте жолаушылардың бірі жылдам әрекет етіп, жүргізуші кабинасына кіріп, тежегішті басқан. Бұл ықтимал ауыр салдардың алдын алуға мүмкіндік берді», — деп хабарлады «Алматыэлектротранс» компаниясы.

Жолаушылар жедел жәрдем шақырғанымен, келген дәрігерлер жүргізушінің қайтыс болғанын растады. Алдын ала диагноз — жедел миокард инфаркті. Компанияның мәліметінше, жолаушылар арасында зардап шеккендер жоқ.

Автопарк өкілдері жүргізушінің рейске шығар алдында міндетті медициналық тексеруден өткенін хабарлады. Медициналық қарау 06:10-да, ал автобус техникалық тексеруден 06:24-те өткен. Бұл күн жүргізушінің бекітілген 2/2 кестесі бойынша маршруттағы алғашқы жұмыс күні болған.

Оқиғадан кейін оқиға орнына Әуезов аудандық жол полициясының қызметкерлері келді. Автобустан техникалық ақау анықталмаған. Тергеу шаралары аяқталған соң көлік автопаркке жеткізілген.

Марқұм 2023 жылдың тамыз айынан бері компанияда жұмыс істеген. Автопарк дерегінше, ол диспансерлік есепте тұрмаған және бұрын денсаулығына шағымданбаған.

Компания марқұмның жақындарына көңіл айтып, отбасына қолданыстағы заңнама аясында қолдау көрсетуге дайын екенін мәлімдеді.