Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне ребрендинг жасалады
Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне ребрендинг жасалады
ашық дереккөзі
«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ функциялары кеңейтіліп, «Отбасы банк» деп қайта аталады. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов айтып берді, - деп хабарлайды NewsRoom+ тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.
«Биыл 11 мамырда Президент тұрғын үй саясатын реформалау бойынша жаңа идеологияны енгізу туралы айтты. Жаңа тұрғын үй саясатының негізгі қағидасы – халықтың табысы мен жинақтарының болуы. Ол үшін тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне есепке алу функциясын бере отырып, барлық азаматтарды тұрғын үй алуға тең мүмкіндікпен қамтамасыз ету үшін әкімдіктердегі қазіргі кезек жүйесін реформалау керек және «тұрғын үйге мұқтаж» ұғымының нақты критерийлерін әзірлеу қажет.
Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің ребрендингін жүзеге асырып, «Бірінші тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы» базасында «Отбасы банк» деп қайта атау ұсынылады», - деді спикер Орталық коммуникациялар қызметінде өткен есеп беру брифингінде.
Оның айтуынша, ұсынылып отырған реформа жұмыс істейтін әрбір азаматқа тұрғын үй сатып ала алатын тең және түсінікті жағдай жасауға мүмкіндік береді. Министр келтірген деректерге сәйкес, жыл басынан бері шамамен 25 мың тұрғын үй немесе 3,1 млн шаршы метр баспана пайдалануға берілген. Жыл басынан бері 15 млн шаршы метр тұрғын үй салу және 39 мыңнан астам отбасын мемлекеттік қолдаумен қамту жоспарланған.