FlyArystan ұшағы құстарға соғылып, рейс кешікті
FlyArystan әуе компаниясының Алматы – Орал бағытындағы рейсі құстармен соқтығысу салдарынан кешігіп ұшты. Бұл туралы тасымалдаушының баспасөз қызметі хабарлады.
Компанияның мәліметінше, 2026 жылғы 24 қаңтарда FS7167 рейсін орындау кезінде әуе кемесі құстарға соғылған. Ұшақ Орал әуежайына қонғаннан кейін, әуе кемесі мен оның жүйелерін тексеру үшін Астанадан инженерлік-техникалық мамандар жіберілген.
Барлық тексерулер аяқталған соң ұшақ пайдалануға жарамды деп танылып, 25 қаңтар күні сағат 01:17-де Орал – Алматы бағыты бойынша қайта ұшқан.
Кешіккен рейстің жолаушыларына ыстық сусындар мен тамақ ұсынылған, сондай-ақ сұраныс бойынша 33 жолаушы қонақүйге орналастырылған.
FlyArystan өкілдері жолаушылар мен экипаж қауіпсіздігі басты басымдық екенін атап өтті. Компания құстармен соқтығысу әуе тасымалдаушысына тәуелсіз сыртқы факторларға жататынын да мәлімдеді.