Елорда

Астанада үш жаңа экспресс-автобус бағыты іске қосылды

25 қаңтардан бастап елордада №506, №507 және №508 жаңа экспресс-автобус бағыттары жұмысын бастады. Жаңа маршруттар қала ішіндегі қатынасты жеңілдетіп, тұрғындардың уақытын үнемдеуге бағытталған.

№506 бағыт Ілияс Жансүгіров көшесін «Family Village» тұрғын үй кешенімен Мәңгілік Ел даңғылы арқылы байланыстырды.

№507 маршрут «Нұрлы жол» теміржол вокзалынан «Жағалау-4» тұрғын үй кешеніне дейін қатынайды. Бұл бағыт бұрын қоғамдық көлік қатынасы болмаған аумақты қамтыды.

Ал №508 автобус Қабанбай Мұхамедханов көшесімен жүріп, «Министрліктер үйі» мен «Нұрлы жол» теміржол вокзалына дейін барады.

Қалалық әкімдік мәліметінше, жаңа экспресс-маршруттар елорда тұрғындарына қала ішінде тез әрі ыңғайлы қатынауға мүмкіндік береді.