Жетісуда жантүршігерлік жол апаты: бес адам қаза тауып, екеуі ауруханаға түсті
24 қаңтар күні сағат 15:30 шамасында Жетісу облысы Ақсу ауданында ауыр жол-көлік оқиғасы тіркелді. Апат «Көшкентал – Қапал» автожолының 4-шақырымында болған.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, Toyota Avalon және Toyota Camry маркалы автокөліктер соқтығысқан. Оқиға орнына жедел түрде тергеу-жедел тобы барып, алғашқы тергеу әрекеттерін жүргізген.
Жол апаты салдарынан бес адам оқиға орнында көз жұмды. Әртүрлі дәрежеде жарақат алған екі жолаушы медициналық көмек алу үшін ауруханаға жеткізілді.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Қазір оқиғаның себептері мен мән-жайларын анықтау үшін барлық нұсқалар қарастырылып жатыр. Тергеу барысы департамент басшылығының бақылауында.
Полиция марқұмдардың туған-туыстарына қайғыра көңіл айтып, жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырды.