«Үлкен бақыт»: Жәнібек Әлімханұлы оқырмандарына үн қатты
Қазақстандық кәсіпқой боксшы, орта салмақта WBO және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы допингке қатысты дауға байланысты жанкүйерлерге арнайы мәлімдеме жасады.
Алдымен чемпион өзіне қолдау білдіріп жатқан барша жанкүйерлер мен әріптестеріне алғысын жеткізді. Оның айтуынша, қиын сәтте отандастарының жанынан табылып, сенім білдіруі – үлкен рухани күш.
«Маған қолдау көрсетіп жатқан барша спортшы бауырларыма және жанкүйерлерге шын жүректен алғыс айтамын. Кейбір шетелдік жанкүйерлер бұл жағдайға қуанып жатқанда, өз қазағым тазалығыма сеніп, қолдау көрсетті. Бұл – мен үшін ең үлкен жеңіс. Демек, бокс жолында жаман жанкүйер жинамаған екенмін», – деп жазды ол.
Сондай-ақ Жәнібек Әлімханұлы әрдайым таза спорт қағидаларын ұстанып келгенін тағы бір мәрте атап өтті.
«Мен әрқашан таза спортты қолдаймын және оны насихаттап келемін. Мұны баршаңыз жақсы білесіздер», – деді чемпион.
Айта кетейік, желтоқсан айына жоспарланған Жәнібек Әлімханұлы мен WBA нұсқасы бойынша әлем чемпионы Эрисланди Лара арасындағы жекпе-жек допинг сынамасына байланысты туындаған даудың салдарынан өтпейтін болды. Бұл кездесу орта салмақтағы жылдың басты айқастарының бірі ретінде бағаланған еді.
Жәнібек Әлімханұлы 1993 жылғы 1 сәуірде дүниеге келген. Ол әуесқой бокста 2013 жылы әлем чемпионы атанып, Азия чемпионатында да топ жарған. Кәсіпқой бокстағы қазіргі рекорды – 17 жеңіс, оның 12-сі нокаутпен аяқталған.