Жаңалықтар

Бас прокуратура сталкингтің белгілерін түсіндіріп, қайда жүгіну керегін айтты

Бас прокуратура Қылмыстық кодекске енгізілген жаңа 115-1 «Сталкинг» бабы аясында қандай әрекеттер қылмыс болып саналатынын нақтылап өтті.

Қадағалаушы органның мәліметінше, сталкинг — бұл адаммен оның еркіне қарсы байланыс орнатуға бағытталған, зорлық-зомбылықсыз жүзеге асатын, бірақ елеулі зиян келтіретін заңсыз қудалау әрекеттері.

Жаңа бапқа сәйкес, сталкинг үшін 200 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл, 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыс немесе 50 тәулікке дейін қамау жазасы қарастырылған.

Бас прокуратура егер сталкинг зорлық-зомбылық, қорқыту, бопсалау немесе жеке өмірге қол сұғу фактілерімен қатар жүрсе, мұндай іс-әрекеттер Қылмыстық кодекстің өзге баптары бойынша қосымша сараланатынынатап өтті.

Сонымен қатар, сталкинг бойынша қылмыстық қудалау нақты зиян келтірілген жағдайда ғана басталатыны ескертілді. Атап айтқанда, бұл — жеке өмірге араласу, еркін жүріп-тұру құқығын шектеу немесе психологиялық қысым көрсету жағдайлары.

Жауапкершілікті енгізудегі негізгі мақсат — жәбірленушілерді ерте кезеңде қорғау және қоғамда зорлық-зомбылық пен агрессияға мүлдем төзбеушілік қағидатын қалыптастыру.

Сондай-ақ құқық қорғау органдары өз құзыреті шеңберінде жүзеге асыратын заңды әрекеттер сталкингке жатпайтыны атап өтілді.

Бас прокуратура азаматтарды мұндай әрекеттерге бейжай қарамауға және сталкинг белгілері байқалған жағдайда дереу ішкі істер органдарына жүгінуге шақырды.