Давоста Тоқаев Трамппен не туралы сөйлесті: қысқа әңгімеге қатысты тың деректер
Қазақстан Президентінің көмекшісі – баспасөз хатшысы Руслан Желдібай Давоста өткен Қасым-Жомарт Тоқаев пен АҚШ президенті Дональд Трамптың қысқа әңгімесінің мазмұнын баяндады. Түсініктеме екі ел басшыларының байланысына қатысты мәліметтерге қызығушылық танытқан бірқатар БАҚ өкілдерінің сұрауынан кейін берілді.
Қысқа сұхбат америкалық тараптың бастамасымен құрылған Бейбітшілік кеңесінің жарғысына қол қою рәсімі барысында өткен.
Авраам келісімдері – назарда
Руслан Желдібайдың айтуынша, Қасым-Жомарт Тоқаев Давос форумында таратылған «Президент Дональд Трамптың 365 күндегі 365 жеңісі» атты ресми құжаттағы бір тармаққа АҚШ президентінің назарын аударған.
Аталған құжаттың 177-тармағында Қазақстанның Авраам келісімдеріне қосылғаны көрсетілген. Мемлекет басшысы осы жайтты Дональд Трамппен әңгіме барысында атап өткен.
Ізгі тілек және Трамптың алғысы
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Дональд Трампқа ішкі саясаттағы жұмысына табыс тілеп, оны «салауатты ақылға негізделген саясат» деп сипаттаған.
Өз кезегінде АҚШ президенті Қазақстан басшысына Бейбітшілік кеңесін құру бастамасын қолдағаны үшін алғыс білдірген. Бұл туралы да Президенттің баспасөз хатшысы хабарлады.
Бейбітшілік кеңесінің жарғысына қол қою
Еске сала кетейік, 22 қаңтарда Қасым-Жомарт Тоқаев Давостағы конгресс-орталыққа барып, Бейбітшілік кеңесінің жарғысына қол қою рәсіміне қатысты. Жаңа халықаралық құрылым АҚШ президенті Дональд Трамптың бастамасымен құрылған.
Рәсімге Қазақстан Президентімен қатар 18 мемлекеттің басшылары мен өкілдері қатысты.
Қазақстан — бастаманың алғашқы қатысушыларының бірі
Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаевтың Дональд Трамптан Газадағы Бейбітшілік кеңесіне кіру жөнінде ресми шақыруды алғашқылардың бірі болып алғаны хабарланған еді. Қазақстанға жаңа құрылымның негізін қалаушы мемлекеттердің бірі болу ұсынысы да жасалды.
Вашингтонның жоспарына сәйкес, Бейбітшілік кеңесі Газа секторындағы бейбіт дамуға қатысты міндеттемелердің орындалуын стратегиялық тұрғыда қадағалауға, халықаралық ресурстарды жұмылдыруға және бақылау жүргізуге жауапты болады.
Кеңес қалай жұмыс істейді
Ақ үй таратқан ақпаратқа сәйкес, құрылтайшы атқарушы кеңестің құрамына дипломатия, инфрақұрылым, девелопмент және экономикалық стратегия саласында тәжірибесі бар жеті көшбасшы енеді. Әрқайсысы Газадағы жағдайды тұрақтандыру үшін маңызды жеке бағыттарға жетекшілік етеді.
Сонымен бірге Газа секторындағы жаңа үкіметтің қызметін бақылайтын атқарушы кеңес құрылады. Оның құрамында 11 адам болады, оның ішінде құрылтайшы атқарушы кеңестің төрт өкілі бар.
Бұған дейін Дональд Трамп бұл бірлестікті «кез келген уақытта және кез келген жерде жиналған ең ұлы әрі ең беделді кеңес» деп сипаттаған.