«Бізге бір кесек мұз керек, ал олар бермей отыр»: Трамп Давоста не айтты
АҚШ президенті Дональд Трамп Давоста өткен Дүниежүзілік экономикалық форумда сөз сөйледі. Күтілгендей, оның баяндамасының негізгі бөлігі Гренландияға қатысты болды.
Трамптың айтуынша, арал Дания құрамында болғанымен, онда Копенгагеннің нақты ықпалы байқалмайды, ал АҚШ бұл «алып мұз кесегін» қорғап, дамыта алатын жалғыз мемлекет.
Сонымен қатар ол Украина бойынша келіссөздер қажеттігін, НАТО-ның жұмыс істеуіндегі АҚШ-тың рөлін және өз әкімшілігінің жетістіктерін атап өтті.
Трамп сөзін бұрынғы америкалық әкімшілікті сынға алудан бастап, демократтардың елді экономикалық және геосаяси тұрғыдан әлсіреткенін айтты.
«Біздің экономикамыз гүлденіп жатыр», – деді ол. Ал Еуропаға қатысты: «Мен Еуропаны жақсы көремін, оның дамығанын қалаймын, бірақ ол қате бағытта кетіп барады», – деп мәлімдеді.
Айта кетейік, Трамп Швейцарияға жоспарланған уақыттан кеш жеткен. Air Force One ұшағынан ақау табылып, борт кері қайтуға мәжбүр болған. Соған қарамастан, форумдағы сөз сөйлеу уақытында басталды.