Қарағандыда есірткі тасымалдаумен айналысқан студент 15 жылға сотталды
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, Қарағандыда колледж студенті Telegram арқылы «куратормен» байланысқа шығып, есірткі заттарын таратумен айналысқан. Ол курьер-закладчик ретінде жұмыс істеп, қала аумағында тыйым салынған заттарды жасырын орындарға қалдырып отырған.
Тергеу деректеріне сәйкес, студент есірткіні берілген координаталар арқылы алып, оны бөлшектеп, күніне шамамен 30-ға жуық «закладка» жасаған. Бұған қоса, Таиландтан есірткі заттарын Қазақстанға жеткізуді де ұйымдастырғаны анықталды.
Күдіктіні ұстау кезінде одан 909 грамм каннабис экстракты тәркіленген. Ал үйінен тағы 80 грамм есірткі табылса, жасырын орындар көрсетілген координаталар бойынша 3,34 грамм тыйым салынған зат анықталған.
Сот шешімімен ол 15 жылға бас бостандығынан айырылды. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.