Орта тап Қазақстанда бар ма өзі?
«Орта тап» – кез келген мемлекеттің тірегі саналатын әлеуметтік қабат. Экономиканы алға сүйрейді, саяси тұрақтылықты ұстап тұрады, өзгерістерге сұраныс қалыптастырады. Сондықтан да бұл ұғым Қазақстан үшін жай статистикалық сан емес, стратегиялық мақсат ретінде айтылып келеді. newsroom.kz редакциясы орта таптың Қазақстандағы қазіргі ахуалын саралап көрді.
2019 жылы Қасым-Жомарт Тоқаев инаугурациясында:
«Мен қазақстандық кәсіпкерлерді қолдаймын, инвестицияларды тартамын және қорғаймын, іскерлік белсенділікті ынталандырамын, орта тапты қалыптастырамын», – деп мәлімдеген еді.
Ал 2024 жылы Мемлекет басшысы экономикалық өсімнің әлеуметтік теңсіздікті азайтып, орта тапты күшейтумен қатар жүруі тиіс екенін атап өтті:
«Тек осылай ғана мемлекеттің әлеуетін нығайта аламыз», – деді.
Арада бірнеше жыл өтті. Ендеше, логикалық сұрақ туындайды: орта тап шынымен қалыптасты ма, әлде ол тек декларация деңгейінде ғана бар ма?
Өсіп келе жатқан middle class бар ма?
Ресми деректерге жүгінсек, белгілі бір өсім бар екенін жоққа шығару қиын. ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросы жүргізген сауалнамаға сәйкес, 2019 жылы қазақстандықтардың 68,8 пайызы өзін табыс деңгейі бойынша «орташа қамтамасыз етілгендер» қатарына жатқызған.
2024 жылы бұл көрсеткіш 74,2 пайызға жеткен.
Иә, бұл – субъективті бағалау. Адамдар өздерін өздері бағалаған. Бірақ дәл осы субъективтілік те қоғамдағы көңіл күйді, салыстырмалы сенімді аңғартады.
Тағы бір дерекке назар аударайық. 2018 жылы ОЦСПИ «Стратегия» орталығы Қазақстандағы орта тап өкілдерінің үлесін 27,1 пайыз деп бағалаған. Бұл – табысы тек тамақ пен киімге ғана жететін деңгейден шығып, ұзақ мерзімді тауарларды, тіпті пәтер мен көлікті бөліп төлеумен ала алатын адамдар. Қазір мұндай әлеуметтік қабаттың үлесі 30 пайыздан асқаны айтылады.
Сандар бар. Бірақ олар нақты орта тапты көрсетіп отыр ма?
Медиандық табыс не дейді?
Халықаралық өлшемге жүгінейік. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) әдістемесі бойынша, орта тапқа табысы ұлттық медиандық кірістің 75–200 пайызы аралығында болатын азаматтар жатады.
Қазақстанда 2024 жылғы медиандық жалақы – 285 677 теңге. Демек:

- төменгі шек – 214 258 теңге,
- жоғарғы шек – 571 354 теңге.
Осы аралықта жалақы алатындар барлық жұмыскерлердің шамамен 35,6 пайызын құрайды. Яғни халықаралық әдістемеге салсақ, Қазақстандағы «нақты» орта таптың үлесі 35–40 пайыз шамасында.
Ұлттық банктің инфляциялық күтулерге қатысты сауалнамасы да бұл картинаны толықтыра түседі: қазақстандықтардың 11 пайызы 500 мың теңгеден жоғары, ал 20 пайызы 300–500 мың теңге аралығында табыс табады. Бұл – орта таптың сандық тұрғыдан бар екенін көрсететін белгі.
Бұл табыстар қайдан қалыптасып жатыр?
Қазақстан экономикасының құрылымына қарасақ, қызмет көрсету саласы негізгі драйверге айналған. Ол жалпы ішкі өнімнің 58 пайыздан астамын қамтамасыз етеді.
2024 жылдың қорытындысы бойынша көрсетілген қызметтер көлемі 78,7 трлн теңгеге жетіп, бір жылда шамамен 18 пайызға өскен.
Өсімнің негізгі бөлігі көтерме және бөлшек саудаға, автокөлік пен мотоцикл жөндеуге тиесілі. Яғни орта таптың табысы өндірістен емес, тұтыну мен сервистен қалыптасып отыр. Бұл – бір жағынан, қалыпты үрдіс. Екінші жағынан, экономиканың тұрақтылығы дәл осы орта таптың төлем қабілетіне тәуелді екенін көрсетеді.
Басқа елдерде қалай?
Салыстыру үшін дамыған мемлекеттерге көз жүгіртейік. ЭЫДҰ әдістемесі бойынша: 
- Австралияда орта тап – халықтың 66 пайызы,
- Сингапурда – 62 пайыз,
- Италияда – 61 пайыз,
- БАӘ-де – 56 пайыз,
- Францияда – 49 пайыз.
Мұнда да өлшем шартты. Мысалы, Германияда орта таптың символы ретінде жиі айтылатын бір ұғым бар – газонокосилка. Бұл әзіл емес. Газонокосилка дегеніміз – жеке үй, күтімді аула, базалық қажеттіліктен тыс өмір сүру деңгейі. Кедей үшін газон – сән-салтанат, ал неміс орта табы үшін – күнделікті тұрмыс.
АҚШ-та ХХ ғасырдың ортасында middle class өкілдері көлігі бар, өз үйі бар, тоңазытқышында дайын тамағы бар адамдар деп сипатталған. Ол кезде бұл тұрақтылықтың белгісі саналған.
Ал Қазақстандағы орта тап кім?
Әлеуметтанушылардың ортақ пайымына сүйенсек, қазақстандық орта тап – бір ересек мүшесіне шаққандағы табысы 300–500 мың теңге шамасындағы отбасы. Бір-екі баласы бар. Өз пәтері болуы мүмкін, көлігі де бар. Жылына бір рет демалысқа шығуға қауқарлы.
Олар үшін тоңазытқыш, теледидар, компьютер – проблема емес. Ал пәтер немесе жаңа көлік сатып алу – ұзақ ойланатын, қаржылық тәуекелге толы шешім.
Бізде газонокосилкаға дейін әлі ерте. Бірақ өзімізді орта таппыз деп есептейміз. Бұл – дағдарыс емес, шындық.
Ең басты түйін
Сонымен, Қазақстанда орта тап бар ма? Иә, бар. Бірақ ол әлсіз, тұрақсыз және күйзеліске бейім.
Негізгі тежеуші фактор – экономиканың құрылымы. Мемлекет бір жағынан кәсіпкерлікпен бәсекеге түседі, екінші жағынан ең тұрақты және кепілді жұмыс орындарын өз қолында ұстайды. Соның нәтижесінде бюрократиялық жүйе ішінде өз «орта табы» қалыптасады. Бірақ бұл қабат жаңа өнім өндірмейді, экономикалық өсім тудырмайды, қайтадан сол өндіргіш халық төлеген салық есебінен өмір сүреді.
Ал нағыз орта тап үшін басты қауіп – инфляция, несиеге тәуелділік және әлеуметтік қауіпсіздіктің әлсіздігі. Бір ауру, бір жұмыссыздық немесе бір экономикалық сілкініс бүкіл «орташалықты» жоққа шығара алады.
Сондықтан бүгінгі басты сұрақ «орта тап бар ма?» емес.
Оны күшейте аламыз ба, әлде ол тек статистика мен үміт деңгейінде қала бере ме?
Осы сұраққа берілетін жауап Қазақстанның ертеңін айқындайды.