Шымкентте жүргізуші куәлігіне емтихан тапсырып жатқанда көлік аударылып қалған
Шымкентте жүргізуші куәлігін алуға арналған практикалық емтихан күтпеген жағдаймен аяқталды. 19 қаңтар күні Асар-2 шағынауданында орналасқан арнайы ХҚКО автодромында емтихан тапсырып жатқан үміткер көлікті басқара алмай, оқу автокөлігін аударып алды.
Рөлде қыз бала болған. Оқиға сәтіндегі эмоциялар бейнежазбада анық естіледі. Абырой болғанда, ауыр зардаптар тіркелмеді.
Ведомствоның баспасөз қызметінің мәліметінше, үміткер практикалық тапсырмалардың бірін орындау барысында басқаруды жоғалтып, көліктің аударылуына жол берген.
— Оқиға орнында арнайы ХҚКО қызметкерлері алғашқы медициналық көмек көрсетті, сондай-ақ жедел жәрдем бригадасы шақырылды. Кандидаттың жағдайы қанағаттанарлық, — деп хабарлады мекеме өкілдері.
Арнайы ХҚКО-да бұл оқиғаның жүргізуші куәлігіне практикалық емтихан қабылдау процесіне әсер етпегенін атап өтті. Қазіргі таңда емтихандар штаттық режимде өтіп жатыр.