«Қайрат» «Брюггеден» жеңіліп, Чемпиондар лигасындағы өз алаңындағы матчтарын аяқтады
Алматылық «Қайрат» Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіндегі өз алаңындағы соңғы ойынын өткізді. Жетінші тур аясында бельгиялық «Брюггеге» қарсы өткен кездесу «Астана Аренада» өтіп, қонақтардың 4:1 есебімен қонақтардың пайдасына шешілді.
Ойынның 32-минутында есепті сербиялық жартылай қорғаушы Александар Станкович ашты. Алты минуттан кейін «Брюггенің» капитаны Ханс Ванакен есеп айырмасын ұлғайтты.
Екінші таймда Ромео Верман (74-минут) мен Брэндон Мехеле (84-минут) алматылықтардың қақпасына тағы екі гол соқты.
«Қайраттың» жалғыз голы қосымша уақытта тіркелді. 92-минутта жартылай қорғаушы Адилет Садыбеков штангадан рикошетпен қақпаны дәл көздеді.
Бұл жеңіліс «Қайрат» үшін Чемпиондар лигасындағы қатарынан төртінші сәтсіздік болды. Жеті турдан кейін алматылық клуб небәрі бір ұпай жинап, жалпы кезең кестесінде соңғы — 36-орында тұр.
Еурокубоктағы маусымдағы соңғы матчты «Қайрат» 29 қаңтарда өткізеді. Алматылықтар сырт алаңда лондондық «Арсеналмен» кездеседі.